Айнагуль Хамитова
Дарынды Бала қалаушылардың бірі
— Қайырлы күн, Дарынды ата-ана!
Қазақ «дарынды» сөзін ерекше талант иесіне қарата айтатын. Біздіңше, әр ата-ана бала тәрбиесіне келгенде, сол талантты жанға айналады. Ата-ананың бойынан табылатын қарым-қабілеттің түр-түрін тізіп көріңіз.
Жолдасым екеуіміз бүгінде 7 бала тәрбиелеп отырмыз. Әрқайсысының орны — бір төбе. Тұла бойы тұңғышымыздың есімі 2019 жылы Forbes-тің «Отызға дейінгілерінің» жыл сайынғы әлемдік рейтінгісінен көрінді. Ол жерге идеясы мен жобасы әлем туралы ойымызды төңкеретін, түрлі индустриядағы ойын ережелерін құрайтын 600 жас новатор енеді. Үлкен қызымыз музыка жолын таңдап, киелі әрі көне дала аспабы қобызда ойнайды. Әлемнің ең деген сахналарында өнер көрсетіп жүр. Авторлық iQobyz жобасын дамытып, қобыздың мәдени және рухани тарихын жандандыруды мақсат тұтуда. Кіші балаларымыз мектепте білім алуда.
Ата-ана атанған алғашқы күннен бастап, біз балаларымыздың руханияты бай, еркін ойлы, талай асуларды бағындыратын тұлға болып өсуін армандадық. Осы мақсатта олардың кез келген бастамасын қолдап, демеу болудан, көшбасшылық қабілетті тәрбиелеуден жалықпай келеміз. Көшбасшылық қабілеті төңірегінде кеңірек тоқталсам деймін. Көбіміз адамның бойындағы бұл қабілетті мәнсап немесе байлықпен байланыстыруға жақынбыз. Біздіңше, адамның бойындағы көшбасшылық қабілет оның өз мойнына артылған жауапкершілікті сезіне алуымен, үнемі өз білімін тереңдетіп, қабілетін шыңдап отыруымен өлшенеді.
Көшбасшы — санасы, зейіні ашық адам. Ол өмірде кезіккен қиындықтарға парасаттылық нормасы тұрғысанан қарайды. Көшбасшы айналасын жақсартуға, жандандыруға ұмтылады. Ал баланың бойындағы көшбасшылықтың көзі ата-анадан басталады. Ата-ананың өмірлік принциптері мен ұстанатын құндылықтары өте маңызды. Осылайша, көшбасшылық тақырыбын зерттей келе біз осыдан 10 жыл бұрын «Дарынды бала» көшбасшылықты дамытуға бағытталған балалар орталығының негізін қалауға кірістік. Қазіргі таңда біздің орталықта он мыңға жуық бала тәлім алуда.
Сондықтан барша ата-анаға біздің орталыққа қош келдіңіздер дегім келеді! Дені сау және рухы мықты ұрпақты бірге тәрбиелейік!